Қазақстанның шекаралық өткізу бекеттерінде интернет пен ұялы байланыс инфрақұрылымы күшейтіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиб Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бүгінде елде 102 өткізу бекеті жұмыс істейді, олардың басым бөлігі байланыспен қамтылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 38 бекетке талшықты-оптикалық желі тартылып, барлық нысан Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісіне қосылады. Сондай-ақ бақылау камералары Астанадағы Бірыңғай мониторинг орталығына шығарылмақ.
Сонымен қатар, өткізу бекеттерінде қоғамдық Wi-Fi-точкалар орнатылып, спутниктік интернет енгізіледі.
«2026 жылы 50 шекаралық бекетте ұялы байланыс қамтамасыз етіледі. Бұл шекарадағы цифрлық инфрақұрылымды едәуір күшейтеді», — деді министр.
Министрдің айтуынша, елімізде интернет инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр:
• магистральдық және өңірлік талшықты-оптикалық желілер салынып, «соңғы миля» жобалары іске асырылуда;
• қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісі енгізілуде;
• халықаралық серіктестермен спутниктік интернет жобалары іске қосылуда;
• Қазақстанды өңірлік цифрлық хаб ретінде нығайтатын транзиттік ВОЛС бағыттары дамуда.
Айта кетейік, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жүк тасымалы үшін «жасыл дәлізді» қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Президент шекаралық және кедендік бекеттерде сапалы интернеттің жоқтығы бизнесті қиындатып отырғанын айтып, мәселені жедел шешуді жүктеді.









