Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат және оның ағасының өлімін тәртіп сақшылары тергеп жатқанын айтып, құқық қорғау органдары берген ақпаратқа сенуге шақырды.
Біз отбасына көңіл айтамыз. Жалпы, бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары өз жұмысын атқарып жатыр. Қазіргі таңда (іс) ішкі істер министрі мен бас прокурордың жеке бақылауында. Сондықтан біздің аудиторияға айтқым келгені – сабыр сақтап, құқық қорғау органдары берген мәліметтерге көңіл бөліп, сену. Қазір олар ашық жұмыс істеп отыр. Әр жұмысы бойынша баспасөз құралдарында (ақпарат) жариялап жатыр, – деді Марат Сұлтанғазиев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Сондай-ақ, Талғар қаласы маңында Шерхат Болаттың 30 жастағы ағасының мәйіті табылған болатын. Алдын ала мәліметке сай, ол өзіне қол салған.