Талғар аудандық сотында 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша жәбірленушілерден жауап алу басталды. Бүгін сотта Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова эмоционалды түрде куәлік берді.
Ол күдіктілердің бірін — Абзал Шынасылды бірден танығанын айтты. “Немерем менің қолымда өсті, ешқашан төбелеске араласпаған. Егер қарумен келетінін білсем, үйден-ақ полиция шақырар едім”, — деді ол.
Қанды оқиға болған жерге жеткенде немересін таппай, топ адамның артынан жүгіріп барып көрген. “Оны ұрғандардың ішінде Абзал болғанын кейін Нұрғанат айтты”, — деді жәбірленуші.
Шерзаттың досы Ахмет Махмет шетелде оқып жатуына байланысты сотқа келе алмаған. Бірақ өз атынан өкілдеріне сенімхат берген.
Іс бойынша басты сот отырыстары жалғасып жатыр.