Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовті бөтеннің мүлкін иемденді деген күдікпен ұстады. Істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатыр, Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әбдешов биыл ақпанда басқарма басшысы қызметіне тағайындалған. Бұл кезде қала әкімінің орынбасары болып Руслан Берденов қызметке келген еді. Ұстау оқиғасы қала әкімдігінің «Тұрғын үй Шымкент» компаниясы директоры Ернар Жиембайға қатысты әкім орынбасарына қастандық жасау ісі бойынша сот процесімен тұспа-тұс келді. Қазір аталған компанияда аудит жүргізілуде.
Бұған дейін сотта құрылыс басқармасының қызметкері Берденов бірнеше рет жиын өткізіп, Антикор мен Экономикалық тергеу департаменті тарапынан тексеру болатынын ескерткенін айтқан. Бұл оқиғалардың өзара байланысы әзірге белгісіз.









