«Волковгеология» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған Дінмұхамед Молдаши 86 млн теңге жымқыру дерегі бойынша сотқа тартылмақ, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Молдаши екі жыл бойы жалған сызба жүргізген: ол орындалмаған жұмыстарға актілер жасап, құжаттарда «Казбурмаш СК» ЖШС-нен жеткізілмеген қосалқы бөлшектерді көрсеткен. Сол құжаттарға сүйеніп компания шоттарына 86 млн теңгеден астам қаржы аударылып, кейін иемденілген. Тергеу барысында келтірілген залал толық өтелді.
Экс-басшыға қатысты сот алда өтпек. Ал оның сыбайластары әлдеқашан сотталып үлгерді: «Казбурмаш СК» ЖШС жетекшісі, «Волковгеология» директоры мен бухгалтері үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
«Волковгеология» АҚ —«Қазатомөнеркәсіп» еншілес кәсіпорны. Компания ұңғыма бұрғылау және уран кен орындарын барлау жұмыстарымен айналысады.
Дінмұхамед Молдашидің өзі Таразда туған. KIMEP, АҚШ-тың Пенсильвания штаты университетін, Мәскеудегі НИТУ «МИСиС» және Цюрихтегі бизнес-мектепті тәмамдаған. 2015 жылдан бастап «Волковгеологияда» басшылық қызметтер атқарып, 2019 жылдың мамырында басқарма төрағасы болып тағайындалған.








