Жаңаөзенде тыйым салынған «Ата жолы» ағымымен байланысты топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде жалған «емшілердің» ұсталған сәті түсірілген видео тараған. Мәліметке сәйкес, бір үйде «аққу» (әйелдер) мен «сұңқар» (ерлер) жиналып, «ата-бабаның батасын» алуға арналған рәсімдер өткізген.
Топтың басшысы Ресейден келген Аман есімді азамат деп болжануда. Ол жақтастарына сырқаттардан айықтыруды, тәуелділіктен, бедеуліктен, қаржылық қиындықтардан және «кармалық қарыздардан» құтылуды уәде еткен.
Рәсімдер ақылы түрде өткен: бірнеше мыңнан жүз мыңдаған теңгеге дейін қаражат жиналған. Сондай-ақ кесенелерге ақша төлеп зиярат ұйымдастырылып, қатысушыларға «тазарту» мен «жол ашу» уәде етілген.
«Ата жолы» ағымының қызметіне 2009 жылы тыйым салынған. Себебі ол халықтың денсаулығына қауіп төндіріп, жалған емшілік белгілерін қамтиды деп танылған.
Halyqstan Маңғыстау облысының полиция департаменті мен дін істері басқармасына ресми сауал жолдады.









