Мәжілісте Цифрлық кодекс жобасы қаралды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Депутат Асхат Аймағамбетов балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасын шектеуді ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде көптеген балалар 5–6 жастан бастап TikTok немесе Instagram-да өз бетінше аккаунт ашып жүр — ата-анасының рұқсатынсыз және ешқандай растаусыз.
Аймағамбетов басқа елдердің тәжірибесін мысалға келтірді. Мәселен, Дания мен Австралияда тек 15–16 жастан бастап тіркелуге болады, ал АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда — тек ата-ананың келісімімен және жеке тұлғаны тексеру арқылы.
Сонымен қатар депутат мектептерде смартфон қолдануға қатысты мәселені де қозғады. Оның айтуынша, еліміздегі кейбір алдыңғы қатарлы мектептерде телефонға тыйым салу оң нәтиже беріп отыр — балалар өзара көп сөйлесіп, үлгерім жақсарған.
Өз кезегінде жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Цифрлық кодексте телефондарға тыйым қарастырылмағанын айтты. Дегенмен министрлік балалар мен ата-аналар арасында цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған шараларды жалғастырады.









