Алматыда 19 жастағы жас ана жаңа туған нәрестесін перзентханада қалдырып кеткен. Оқиғаға қатысты ақпаратты медицина қызметкерлері растады, деп хабарлайды Sona.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Дәрігерлердің мәліметінше, жас ана баланы дүниеге әкелгеннен кейін оны перзентханада қалдырып, мекемеден шығып кеткен. Сол уақыттан бері 20 күн өтсе де, сәбиді іздеп келген ешкім болмаған.
Қазіргі таңда бала қаладағы ауруханалардың бірінде тексеруден өтіп жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалайды. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.
Медициналық ұйым мамандары нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдап жатқандарын мәлімдеді. Сонымен қатар, сәбиді одан әрі қамқорлыққа алу және уақытша орналастыру мәселесі де қарастырылуда.
Құзырлы органдарға оқиға жөнінде хабар берілген. Әлеуметтік қызметтер мен қорғаншылық органдары балаға қатысты әрі қарайғы шешімдерді заңнамаға сәйкес қабылдайды.









