Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтардың несие рәсімдеуіне шектеу енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған қаулы жобасында айтылған, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында ақпарат алмасу тәртібі айқындалған. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы, сондай-ақ олардың қызметтен босатылғаны жөніндегі мәліметтер кредиттік есепте көрсетілетін болады.
Жобаға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алуға өтініш берген әскери жасындағы азаматтың мәртебесін міндетті түрде тексеруі тиіс. Егер кредиттік есепте оның мерзімді әскери қызметте жүргені туралы ақпарат болса, қаржы ұйымы несие беруден бас тартуға міндетті.
Агенттік өкілдерінің мәліметінше, бұл шаралар әскерге шақырылған азаматтарға бұрын алынған қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдыруды қамтамасыз етуге және әскери қызмет кезінде қаржылық жүктеменің артуына жол бермеуге бағытталған.
Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бұған дейін Қарулы күштер Бас штабы мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіндегі өзгерістер туралы ақпарат берген болатын.








