Қазақстанда теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылар үшін әлеуметтік бағыттағы жеңілдіктер кеңейтілді. Енді 60 жастан асқан азаматтар ел аумағында пойызбен 25 пайыздық жеңілдікпен жол жүре алады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл мүмкіндік «Жолаушылар тасымалы» АҚ енгізген QURMET атты жаңа дисконттық карта арқылы ұсынылады. Карта ұлттық тасымалдаушының барлық пойыздарында жарамды және купе, плацкарт, сондай-ақ отыратын вагондарда орын таңдауға шектеу қоймайды. Дисконттық картаның құны 3000 теңге, қолдану мерзімі сатып алынған күннен бастап бір жыл.
Сонымен қатар ұлттық тасымалдаушы 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушыларға арналған KETTIK33 дисконттық картасын іске қосты. Бұл карта купе вагондарындағы үстіңгі орындарға және отыратын вагондарға билет сатып алу кезінде 33 пайыздық жеңілдік береді. Карта құны мен қолдану мерзімі QURMET картасымен бірдей.
Компанияның мәліметінше, дисконттық карталар атаулы болып табылады және оларды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. Карталарды тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында жеке өзі рәсімдеуге болады. Ол үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және электронды пошта мекенжайы (міндетті емес) қажет.
Жеңілдікті билет кассаларында офлайн режимде немесе bilet.railways.kz ресми сайты арқылы онлайн сатып алу кезінде пайдалануға болады. Ал екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы алынған билеттерге бұл жеңілдіктер қолданылмайды.
Айта кетейік, жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңде ғана ұсынылады. Мерекелік және каникул уақыттарында дисконттық карталардың әрекеті тоқтатылады. Атап айтқанда:
•2026 жылғы 20–29 наурыз аралығы;
•2026 жылғы 25–30 желтоқсан;
•маусым–тамыз айлары.