Қазақстанда Астана және Алатау қалалары үшін жеке конституциялық заңдар әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа заңдар аталған қалалардың ерекше мәртебесін айқындап, олардың дамуына қосымша құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Алатау қаласы үшін «жедел даму қаласы» режимін енгізу ұсынылуда. Бұл режим аясында арнайы салық шарттары қарастырылып, инвестицияларды қорғау тетіктері күшейтіледі.
Сондай-ақ Алатауда жаңа технологияларды енгізу көзделген. Атап айтқанда, пилотсыз көлік жүйелері мен цифрлық активтерді дамыту жоспарланып отыр.
Ал Астана қаласы үшін басқарудың жеке тетіктері әзірленбек. Олар қала құрылысы, көші-қон және көлік салаларын қамтиды.
Үкімет өкілдерінің пікірінше, қабылданатын заңдар инвестиция тартуға және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Серік Жұманғариннің мәліметінше, Алатау қаласына қатысты заң жобасы 27 наурызда екінші оқылымда қаралады. Ал Астана мәртебесіне қатысты құжат сәуір айының соңына дейін Мәжіліске енгізіледі.









