Қазақстан Үкіметінің отырысында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаңа шаралар талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәлімдеуінше, елімізде еңбекке қабілетті 413 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның тек 110 мыңы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткішті арттыру үшін мемлекет жұмысқа орналастыру квотасын 8,1 мыңнан 17 мың адамға дейін, яғни екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар, азаматты жұмысқа тұрған сәтіне дейін сүйемелдейтін және квоталардың орындалуын қадағалайтын арнайы цифрлық жүйе енгізілмек.
Көлік инфрақұрылымын бейімдеу мәселесі де басты назарда. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2030 жылға қарай әрбір пойыз құрамында кемінде бір мамандандырылған вагон болатынын айтты. Қазіргі таңда пойыздардың 90%-ы көтергіштермен және ыңғайлы купелермен жабдықталған. Автовокзалдардың 80%-ы және автобустардың 79%-ы қолжетімділік талаптарына сәйкестендірілді. Инватакси жүйесі де дамып келеді: бүгінде оның автопаркі 1400-ден астам машинаға жетті. Бұл кешенді жұмыстар мүгедектігі бар жандардың ел ішінде кедергісіз қозғалуына және қоғамның толыққанды мүшесі болуына жағдай жасайды.









