Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесіп, үздік нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады.
Салтанатты рәсім Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Мемлекет басшысы ұлттық құрама мүшелерін сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, қазақстандық спортшылар ел сенімін толық ақтағанын айтты.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 74 медаль иеленді. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.
Қазақстан жалпы медальдық есепте бірінші орын алды.
Тоқаев бұл нәтижені үлкен жетістік деп атап, қазақстандық спортшылар 113 мемлекеттен келген қатысушылар арасында ел намысын лайықты қорғағанын айтты.
Мемлекет басшысы спортшыларды жарысқа дайындаған жаттықтырушылар мен мамандарға да алғыс білдірді.
Президент Қырғызстанға VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін жеке ризашылығын жеткізді.
Тоқаевтың айтуынша, мұндай жарыстар ұлттық спорт түрлерін дамытып қана қоймай, халықтар арасындағы байланысты нығайтуға, ортақ мәдени дәстүрлер мен тарихи мұраны сақтауға мүмкіндік береді.
Спортшыларға сөз арнаған Президент қоғамдағы танымал әрі табысты адамдардың мінез-құлқына да тоқталды.
Ол спортшыларды ұстамдылықты, қарым-қатынас мәдениетін және ішкі парасаттылықты сақтауға, бос сөз бен орынсыз мақтаннан аулақ болуға шақырды.
«Тек осылай ғана біз шын мәнінде озық қоғам құра аламыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтті.
Жарысқа 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты.
Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жүлде иеленді.




