Алматы облысының әкімі Шыңғыс Арынов спортшылар мен жаттықтырушыларға жоғары нәтижелері және ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғағаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сәлтеме жасап.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – халқымыздың ұлттық болмысын, салт-дәстүрі мен ат спорты өнерін әлемге танытатын маңызды халықаралық спорттық дода. Әлемнің 100-ден астам елінен мықты спортшылар қатысқан ауқымды жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Бұл – еліміз үшін үлкен мақтаныш.
Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Алматы облысының спортшылары жүлделі орындарға ие болғаны біз үшін ерекше қуаныш. Спортшыларымыздың жетістігіне елеулі үлес қосқан жаттықтырушылардың еңбегін де атап өткім келеді. Өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, балалар мен жастар арасынан спорттық резерв қалыптастыруға айрықша көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортқа қызығушылық танытатын жастардың саны айтарлықтай артты.
Алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға, олардың бұқаралық сипатын арттыруға, жас таланттарды анықтап, мықты спорттық резерв қалыптастыруға, сондай-ақ өз шеберлігімен еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларды жан-жақты қолдауға басымдық береміз. Ұлттық спортты дамыту заманауи әрі қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастырумен де тікелей байланысты», – деді Шыңғыс Арынов.
Ол сондай-ақ спорт нысандарын салу және жаңғырту, өңірдің әрбір тұрғынының спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғаса беретінін атап өтті.
Өңір басшысы бірнеше күннен кейін XX Азия ойындары басталатынын, онда Қазақстан құрамасының сапында Алматы облысынан 13 спорт түрі бойынша 24 спортшы бақ сынайтынын хабарлады. Ол тұрғындарды беделді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын жерлестеріне қолдау көрсетуге шақырды.
Іс-шара барысында «Алатау» федерациясының президенті Сәбит Қасенов, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көкпар төрешісі Елдос Тілебалдиев, сондай-ақ «аламан бәйге», «көкпар» және «көкбөрі» жарыстарында жүлделі орындарға ие болған спортшылар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бірқатар спортшылар мен жаттықтырушылар Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Халықаралық спорт аренасында Қазақстан намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болған спортшылар Мемлекет басшысы мен Алматы облысының әкіміне көрсетілген қолдау, көңіл және спорттық жетістіктеріне берілген жоғары баға үшін алғыс білдірді.




