Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 300 млн теңгенің жымқырылуын тергеп жатыр.
ҚМА мәліметінше, 2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін несие шарты жасалған. Міндеттемелердің орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепіл болған.
Компанияның шотына 300 млн теңге аударылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, кейін бұл қаражат екі ЖШС арасында егіс науқанына жұмсалған шығын ретінде бөлінген. Оның шамамен 148 млн теңгесі тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын жалдауға, жанар-жағармай мен еңбекақы шығындарына аударылған.
Алайда ҚМА дерегінше, іс жүзінде тұқым сатып алынбаған, техника жалға алынбаған, ал көрсетілген жер учаскелерінде ауыл шаруашылығы дақылдары егілмеген.
«Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның активтеріне тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.




