Ақтөбе облысында Kazenergy жеке кәсіпкерлігінің басшысы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін сотталды.
Сот оған 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, кәсіпкер 10 мың шаршы метр аумақтағы өндірістік базада пеш отынын заңсыз шығарған.
Шикізат ретінде пайдаланылған майлар, мұнай шламы және құрамында мұнай бар басқа да қалдықтар қолданылған. Олар нафтамен араластырылып, циркуляция әдісімен өңделген.
Алайда кәсіпкерде қауіпті қалдықтарды өңдеуге, залалсыздандыруға және кәдеге жаратуға қажетті лицензия мен экологиялық рұқсат болмаған.
Тергеу дерегінше, 11 млн литрден астам пеш отыны өндіріліп, сатылған. Заңсыз қызметтен түскен табыс 778 млн теңгені құраған.
Сараптама өндірілген отынның ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келмейтінін және құрамында зиянды химиялық заттар болғанын көрсеткен.
ҚМА мұндай отынды тұрмыстық және өндірістік қазандықтар мен пештерде пайдалану кезінде ауаға улы заттар таралып, адамдардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сот сотталған адамның өндірістік нысанын, автокөліктерін және банк шоттарындағы қаражатын тәркіледі.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.




