Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Үкімет комиссиясына қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауды тапсырды.
Үкімет комиссиясын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ол оқиға орнына аттанды.
Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінің, Шекара қызметінің өкілдері және Бас әскери прокурор кірді.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Қорғаныс министрлігі тоғыз адамның қаза тапқанын ресми растады. Үш адам құтқарылды, қалғандарын іздеу жалғасып жатыр.
Әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.




