Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті астықты сұр импорттау және оны қазақстандық өнім ретінде экспорттау ісі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу нұсқасы бойынша Қазақстан аумағы арқылы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған.
Өнім Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға жөнелтілген.
ҚМА мәліметінше, схеманы жүзеге асыру үшін коммерциялық ұйымдар номиналды басшылардың атына алдын ала тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен қазақстандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алу жөнінде жалған шарттар жасалған.
Осының арқасында астық қазақстандық өнім ретінде рәсімделіп, тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
Тергеу мәліметінше, схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС пайдаланылған.
Транзиттік тарифтің төленбеуінен «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
Тергеу күдіктілер салық берешегін өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерден жалтару үшін бақыланатын экспорттық компаниялардың шоттарындағы қаражатты аффилиирленген ұйымдарға аударған деп есептейді.
Одан кейін банкроттық рәсімдері басталған.
ҚМА бұл әрекеттерден мемлекет мүддесіне келтірілген залалды 1,2 млрд теңге деп бағалап отыр.
Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Күдіктілердің әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.



