Астанада 30 жастағы Жазира Адауова өлтірілгеннен кейін төрт бұрынғы полиция қызметкері ұсталды.
Олар ауыр салдарға әкеп соққан қызметтік салғырттыққа күдікке ілінген. Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қайғылы оқиға 23 қыркүйекте болған. Полиция мәліметінше, әйелге пышақ жарақатын оның бұрынғы күйеуі салған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Күдікті ізін суытпай ұсталды.
Әйел бұған дейін бұрынғы күйеуімен байланысты жанжалдар мен қоқан-лоққылар бойынша полицияға бірнеше рет жүгінген.
Оқиғадан кейін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті осы өтініштермен жұмыс істеген қызметкерлердің әрекеттеріне қызметтік тексеру жүргізді.
Төртеуі жұмыстан шығарылып, кейін ұсталды
Тексеру қорытындысы бойынша төрт полиция қызметкері теріс себептермен жұмыстан шығарылды.
Кейін қызметтік салғырттық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында осы төрт бұрынғы қызметкер ұсталды.
Кадрлық шешімдер елордалық полиция басшылығына да қатысты.
Екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен босатылды.
Департамент бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Полиция тергеудің жалғасып жатқанын және істің Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында екенін хабарлады.
Бұған дейін Астана қаласының Полиция департаменті әйел өліміне күдікті ер адамның қылмыс жасалған кезде полиция қызметкері болмағанын мәлімдеген.



