Алматыда жыл басынан бері коммуналдық жалдамалы тұрғын үйді үшінші тұлғаларға заңсыз берудің 172 дерегі анықталды.
Kazinform агенттігінің Алматы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлауынша, коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мамандары Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарындағы мемлекеттік тұрғын үй қорына кіретін 3 125 пәтерді тексерген.
Тексеру нәтижесінде 172 заңбұзушылық анықталды. Оның 114-інде пәтерлер босатылған. Қалған 58 жағдай бойынша сотқа дейінгі талаптар жолданды.
Тексеру барысында мемлекет берген пәтерлерді қосалқы жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың тұруы және жалдау ақысын төлеу талаптарын бұзу фактілері анықталған.
Заң бойынша жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйді жалға алушылар пәтерге қосалқы жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды кіргізе алмайды. Мұндай баспананы үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болуы мүмкін.
Қазір босатылған пәтерлерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін олар жалдамалы баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілмек.
Коммуналдық жалдамалы тұрғын үйлерді тексеру жалғасады.



