Азамат Есқараев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жаңа қызметке дейін Есқараев дипломатиялық салада жұмыс істеді. 2024 жылдан бері Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Кейіннен Бангладеш, Бутан, Мальдив Республикасы және Непалдағы елші қызметтерін қоса атқарды.
Дипломатиялық қызметке дейін Азамат Есқараев Қазақстанның Әділет министрі болды. Ол бұл лауазымға 2023 жылғы қаңтарда тағайындалған.
Есқараевтың құқық саласында мол тәжірибесі бар. Әр жылдары әділет және прокуратура органдарында, Қаржы министрлігінде және Премьер-министр Кеңсесінде қызмет атқарған. Сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетін басқарған.
Енді ол Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөліміне жетекшілік етеді.




