Өскеменде 844 миллион теңгеден астам сомаға 15 келіден астам алтынды заңсыз өндіру ісі бойынша екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А. Рахимжанов пен Д. Нұртазин сотталған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, олар Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған.
Бұл мақсатта өздеріне подконтрольді «EastGoldStone» ЖШС пайдаланылған. Алайда компанияның лицензиясы қатты пайдалы қазбаларды тек барлауға мүмкіндік берген. Өнеркәсіптік жолмен өндіруге рұқсаты болмаған.
Алтын өндіру кезінде экскаваторлар, тиегіштер, жүк көліктері және жуу жабдықтары пайдаланылған.
ҚМА мәліметінше, заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан. Оның құны 844 миллион теңгеден астам деп бағаланды.
Тергеу барысында 6,7 келі алтын және 579 грамм күміс тәркіленді. Олардың жалпы құны 382 миллион теңгені құрады.
Заңсыз жұмыстар қоршаған ортаға да залал келтірген. Бүлінген жер аумағы 18,2 гектарды құрады. Сондай-ақ мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған.
Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 миллион теңгеден астам деп бағаланды.
Сот жалпы құны 372 миллион теңге болатын мүлікті тәркіледі. Оның ішінде төрт жүк көлігі, екі экскаватор, екі тиегіш, гидроход, 10 миллион теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
А. Рахимжанов пен Д. Нұртазин төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.




