Қазақстанның халық әртісі, композитор Бәкір Баяхунов дүниеден өтті
Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Бәкір Баяхунов 90 жасында дүниеден өтті.
Қаралы хабарды Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.
Бәкір Баяхунов саналы ғұмырын еліміздің музыка өнері мен музыкалық білім беру саласын дамытуға арнады.
Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, жас музыканттардың кәсіби қалыптасуына үлес қосты.
Композитор шығармашылық және педагогикалық қызметімен қатар ғылыми-зерттеу және публицистикалық жұмыстармен де айналысқан. Музыка сыны, ғылым және қоғам мәселелеріне арналған көптеген мақаланың авторы болды.
Бәкір Баяхунов қоғамдық қызметке де белсене араласқан. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанында дүнген диаспорасы мәселелері бойынша кеңесші болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ Дүнген мәдени орталығының алғашқы төрағасы болған.
Бәкір Баяхуновтың есімі Қазақстанның музыка мәдениеті мен кәсіби музыкалық білім беру тарихында сақталады.




