Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Оқу орнының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы Sona.kz ZTB KZ-ке сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, 12 және 13 қазанда 47 оқушы инфекциялық ауруханаға жеткізілген.
Мектеп интернатында тұратын тағы сегіз бала оқшауланып, медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған.
Оқушылардың жаппай ауырғаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тарады.
Бірнеше оқушының туысы балалардың тамақтан улануы мүмкін екенін айтқан.
Ол сондай-ақ кейбір балалардан ішек таяқшасы анықталғаны туралы мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Оқиғадан кейін Республикалық физика-математика мектебінің жұмысы уақытша тоқтатылды.
Санитариялық дәрігерлер тексеру бастап, зертханалық зерттеу үшін сынамалар алды.
Мамандар инфекцияның қайдан тарағанын және балалардың жаппай ауыруына не себеп болғанын анықтауы тиіс.
Ауруханаға жатқызылған оқушылардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Аурудың нақты себебі әзірге белгісіз. Зертханалық тексеру нәтижелері жарияланған жоқ.




