Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) интернатында тұратын оқушылардың ауруханаға түсуі жалғасып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, жедел ішек инфекциясымен ауруханаға жеткізілген балалар саны 51-ге жетті. Бұған дейін 48 оқушының ауруханаға жатқызылғаны хабарланған еді.
Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дина Зәкиева мәлімдеді. Ол ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысқан.
«Барлығы 43 ұл және 5 қыз. Жаңа ғана тағы үш баланы әкелді. Олар РФММ интернатында тұрады, еліміздің әртүрлі облыстарынан келген. Жағдайлары тұрақты», — деді омбудсмен.
Осылайша кейін жеткізілген үш баланы қосқанда, ауруханаға жатқызылған оқушылар саны 51 болды.
Ас блогынан заң бұзушылықтар анықталды
Балалардың жаппай ауыруынан кейін мектеп интернатындағы тамақтандыру жүйесіне тексеру жүргізіле бастады.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары азық-түлікті сақтау талаптарының бұзылғанын анықтады.
Сондай-ақ оқушыларды тамақпен қамтамасыз ететін «Master Food» ЖШС мердігер ұйымының ас блогынан қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдері табылған.
Тексеру кезеңінде интернат пен ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Дегенмен балалардың нақты неден ауырғаны әзірге анықталған жоқ. Табылған заң бұзушылықтар инфекцияның қайдан тарағанын бірден дәлелдемейді.
Ауырған балалар саны бұдан да көп болуы мүмкін
51 оқушы — жедел ішек инфекциясымен ауруханаға жатқызылған балалардың саны.
Ал ауру белгілері байқалғандардың жалпы саны бұдан жоғары болуы мүмкін.
Қазір кейбір оқушылар туыстарының жанында медициналық бақылауда. Олардың нақты саны жарияланған жоқ.
16 қазанға дейін мектептегі сабақтар қашықтан өткізіледі.
Қылмыстық іс қозғалды
Алматы полициясы оқушылардың жаппай ауыруына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Тергеу барысында оқиғаның себептері анықталып, жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.




