Ақтөбе облысында таныстарынан ақша бопсалады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, олардың бірі күш қолданамын деп қорқытса, екіншісі бұрынғы сүйіктісінің интимдік бейнежазбаларын таратамын деп ақша талап еткен.
Бұл туралы ZTB хабарлады.
Екі оқиға бойынша талап етілген ақшаның жалпы сомасы 1,2 миллион теңгені құрайды.
Хромтауда шахтерден ақша талап еткен
Алғашқы оқиға Хромтау қаласында болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, жас жаттықтырушы шахтада жұмыс істейтін танысынан 500 мың теңге сұраған.
Ақшаны бермеген жағдайда оған күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Ақтөбеде әйелді интимдік видеомен бопсалаған
Екінші жағдай Ақтөбе қаласында тіркелді.
Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам бұрын қарым-қатынаста болған әйелден 700 мың теңге талап еткен.
Егер ақша бермесе, оның интимдік бейнежазбаларын туыстары мен таныстарына көрсететінін айтып қорқытқан.
Осылайша күдікті әйелдің жеке өміріне қатысты материалдарды ақша алу үшін пайдаланбақ болған.
Екі күдікті де ұсталды
Құқық қорғау органдары екі ер адамды да ақша алу кезінде ұстаған.
Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр.
Екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.




