Семейде жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша екі экс — полиция қызметкеріне үкім шықты. Баланың әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал анасы екі жылға сотталды.
Үкімді Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 3 ақпанда Семей қаласының сол жағалау бөлігінде болған.
Сотта анықталғандай, 20 жастағы қыз баласын үй жағдайында дүниеге әкелген. Кейін жігітіне хабарласып, нәрестеден құтылуды сұраған.
Ер адам жаңа туған сәбиді үйден алып шығып, қоқыс контейнеріне тастаған. Нәресте суық өтіп, көз жұмған.
Баланың әкесі өмір бойына сотталды
Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни жас баланы өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сотталған азамат полицияның аға лейтенанты арнайы шенінен айырылды.
Анасына екі жыл жаза тағайындалды
Сәбидің 20 жастағы анасы Қылмыстық кодекстің 100-бабы «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оны екі жылға бас бостандығынан айырды. Бұрын полицияда қызмет еткен әйел кіші сержант шенінен де айырылды.
Бұған дейін қыздың құрбыларымен бірге тұрғаны және баласын үйде босанғаны хабарланған.
Нәрестенің денесі табылып, тергеу басталған кезде ол сәби өлі туғанын айтқан.
Алайда сот талқылауы барысында оқиғаның басқа мән-жайлары анықталды.
Үкімнің заңды күшіне енгені туралы мәлімет әзірге жоқ.




