[01:52, 20.10.2026] Дана Альсеитова:
Жапонияның Айти өңірі мен Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Еркін Ғаббасов пен Давид Дегтярев өз спорт түрлерінде чемпион атанып, жарыс рекордтарын жаңартты, деп хабарлайды SONA.KZ Stankznews-ке сілтеме жасап.
Алғашқы алтынды Еркін Ғаббасов әкелді
Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальды пара нысана көздеуші Еркін Ғаббасов салды.
Ол пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа нысана көздеудің R1 дисциплинасында өнер көрсетті.
Финалда 249,1 ұпай жинаған қазақстандық спортшы қарсыластарынан озып, жарыс рекордын орнатты.
Екінші орынды 248 ұпай жинаған оңтүстіккореялық Парк Джинхо иеленді. Ал оның отандасы Ли Джанхо 226 ұпаймен қола жүлдегер атанды.
Дереккөз мәліметінше, Еркін Ғаббасов осы жеңісі арқылы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды.
Давид Дегтярев екінші алтынды жеңіп алды
Қазақстан құрамасының екінші алтын медалін Давид Дегтярев иеленді.
Ол парапауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Stankznews мәліметінше, қазақстандық спортшы 192 келіні көтеріп, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Жапониядағы жарыста екі алтын медальға қол жеткізді.




