Тергеу дерегінше, 37 жаңбырлату машинасы жеткізілмеген, бірақ актілерде техника толық жеткізілді деп көрсетілген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген субсидияны жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу дерегінше, мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келген, деп хабарлайды SONA.KZ ҚМА-ға сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті техника жеткізушісін, лизинг берушіні және субсидия алушы компанияларды бақылауында ұстаған. «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлату машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінім берілген. Бюджет қаражаты лизинг беруші «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымының арнайы шотына аударылған.
ҚМА мәліметінше, 37 машина жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, қабылдау-тапсыру актілерінде міндеттемелер толық орындалды деп көрсетілген. Кейін қаражат, тергеу нұсқасы бойынша, күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған.
Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.




