Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылған Нағаспаев ҚТЖ-ға басқарма төрағасы болып оралды.
«Самұрық-Қазына» қорының басқармасы Ерсайын Нағаспаевты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметіне тағайындады, деп хабарлайды SONA.KZ қордың ресми мәлімдемесіне сүйеніп.
24 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нағаспаевты өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатты. Ол министрлікті 2025 жылғы ақпаннан бері басқарған.
Нағаспаев бұған дейін қайда жұмыс істеген
Нағаспаев 2021–2025 жылдары ҚТЖ-да басқарушы директор болды. Бұған дейін Көлік және коммуникация министрлігі мен Ақтау халықаралық теңіз сауда портында басшылық қызметтер атқарған.
Әр жылдары Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеген. Шахтинск қаласының әкімі, Астана әкімінің орынбасары және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болған.
Ерсайын Нағаспаев Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.




