Демалыс 126 күн болса, міндетті зейнетақы жарнасы ұсталғаннан кейін төлем 2 910 600 теңгеге дейін жетеді.
2027 жылы жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді есептеуге алынатын айлық табыс шегі 595 мыңнан 770 мың теңгеге дейін көтеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұл өзгеріс ең төменгі жалақының 85 мыңнан 110 мың теңгеге өсуіне байланысты, деп хабарлайды SONA.KZ.
Төлем қаншаға өседі
Төлемді есептеу формуласы сақталады. Айлық табысқа қойылатын шек бұрынғыдай ең төменгі жалақының жеті есесіне тең. Жаңа шек ең алдымен әлеуметтік аударымдар есептелген орташа айлық табысы 595 мың теңгеден асатын әйелдерге әсер етеді.
Есепке алынатын орташа айлық табыс 770 мың теңгеге жетсе, 126 күндік демалыс үшін төлем 3 234 000 теңге болады. 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталғаннан кейін 2 910 600 теңге қалады. 2026 жылы дәл осындай демалыс үшін қолға түсетін ең жоғары сома 2 249 100 теңге.
Төлем қалай есептеледі және кімдер ала алады
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры демалыс басталғанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар есептелген табысты ескереді. Орташа айлық табыс демалыс күндерінің коэффициентіне көбейтіледі. 126 күнге 4,2 коэффициенті қолданылады. Босану қиындаса немесе екі және одан көп бала дүниеге келсе, демалыс 140 күнге дейін ұзартылып, коэффициент 4,67 болады. Қосымша 14 күнге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілсе, төлемді қайта есептеуге болады.
Төлемді ресми жұмыс істейтін, жеке кәсіпкерлікпен немесе жеке практикамен айналысатын әйелдер әлеуметтік аударымдары болған жағдайда рәсімдей алады. Өтініш еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде төлем алу құқығы туындаған күннен бастап 12 ай ішінде беріледі. Парақ әдетте жүктіліктің 30-аптасынан бастап беріледі.
Еңбек немесе ұжымдық шартта не жұмыс берушінің актісінде көзделсе, жұмыс беруші қордан төленетін соманы шегере отырып, қызметкердің орташа жалақысын сақтайды.




