Volvo жүк көлігі Алматы – Өскемен тасжолының 175-шақырымында өртенген. Зардап шеккендер жоқ.
Жетісу облысында патрульдік полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автожолында өртенген жүк көлігінен 38 жылқыны құтқарды. Барлық жылқы өрт сөндірушілер келгенге дейін қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды SONA.KZ Жетісу облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлер жылқыларды қалай құтқарды
Оқиға 24 қараша күні сағат 09:15 шамасында болған. Тасжолды патрульдеп жүрген полицейлер 175-шақырымда Volvo жүк көлігінің өртеніп жатқанын байқаған. Көлікте жылқылар барын білген соң, оларды дереу түсіре бастаған. Сол уақытта тәртіп сақшылары қызметтік көліктегі өрт сөндіргіштерді қолданып, жалынды басуға кіріскен.
Жүргізушінің айтуынша, ол жылқыларды Күршімнен Шымкентке апара жатқан. Жүк көлігі жолда кенеттен өртенген. Адамдар зардап шеккен жоқ, 38 жылқы да аман. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.




