BilimClass білім беру платформасына 29 қарашада сағат 01:09-да кибершабуыл жасалды. Бұл туралы компанияның мәлімдемесін жариялаған BES.media басылымына сілтеме жасап, SONA.KZ хабарлайды.
BilimClass мамандары пайдаланушылардың деректерін қорғау үшін алғашқы шараларды қабылдап, шабуылдың платформа жұмысына қалай әсер еткенін анықтап жатыр. Компания осы оқиғадан кейін деректердің таралып кеткені туралы мәлімет жариялаған жоқ. Қосымша ақпаратты ресми арналары арқылы хабарлайтынын мәлімдеді.
Екі күн бұрын не болды
27 қарашада BilimClass жұмысында техникалық ақау шыққан. Сол кезде кей мұғалімдердің электрондық журналында бір тоқсан бойы енгізген үй тапсырмалары көрінбей қалған. Кейбірі тапсырмаларды қайта енгізуге тура келе ме деп алаңдаған.
Сол ақаудан кейін компания деректердің толық сақталғанын және олардың таралып кету дерегі анықталмағанын хабарлады. Мамандар журналдағы ақпараттың дұрыс көрсетілуін қалпына келтірген. Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін платформаға кіру 28 қараша сағат 00:00-ге дейін уақытша шектелген.
BilimClass-та мұғалімдер баға қояды, сабаққа қатысуды белгілейді және үй тапсырмаларын енгізеді. Оқушылар мен ата-аналар электрондық күнделік арқылы үлгерім мен сабақ кестесін қарай алады.




