Алматы облысындағы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың не себепті ұсталғанына облыстың прокуратурасы түсінік берді. Қадағалау органының мәліметінше, аудан әкіміне кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірді деген айып тағылды.
«Алматы облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан қоқыс полигонының қызметін бірлесіп тексеруді аяқтады.2024 жылғы 3 қыркүйектегі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әкім Б.А. Қарасаев сыбайлас жемқорлық қызметіне күдік бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарының тәртібінде ұсталды. Аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», — деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.
2024 жылдың 4 қыркүйегінде прокуратура бұлтартпау шарасын санкциялау үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Б.Қарасаевтың ұсталғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.