Өткен аптаның басты жаңалығы – Нидерландыдан екі амур жолбарысының келуі болды. 2017 жылы еліміз бен WWF International (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) арасындағы меморандум нәтижесінде арнайы бағдарлама түзілді. Мұның аясында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құру, оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қалпына келтіру қолға алынды. Sona.kz тілшісі Іле-Балқаш табиғи резерватында аумақтық сарапшы Тынышбай Досымбековті аз-кем әңгімеге тартты.
– Тынышбай мырза, «Іле-Балқаш» резерватын құру жұмысының басы-қасында жүргеніңізді білеміз. Бұл идея қашан туындады?
– Өзім Балқаш ауданының тумасымын. Осы ауданның алғашқы әкімімін. Біз Балқаш ауданынан ерекше қорғалатын аймақ ашу мәселесін 2008 жылдан бері көтеруге атсалыстық. Неге десеңіз, бұл жаққа демалыс күндері Алматы қаласынан келімді-кетімді қонақ көп. Сенсеңіз, шамамен 500-дей джип көліктері ағылады. Жанашырлық танытқан ауыл азаматтары «Ештеңе қалмайтын болды. Балықты да сүзіп әкетіп жатыр. Аң-құсты да атады. От жағады, өртейді. Тіпті, Іленің бойында бос орын болмайды» деп айтып жүрді. Содан кейін аудан әкімдігі экологиялық пост қойды. Бірақ оған бағынып жатқан адам жоқ. Әрбірден кейін лауазымды азаматтардың өзі тоқтамай өте шығады екен. Содан ерекше қорғалатын аймақ жасайық деген ұйғарымға келдік.
2014 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда 417 мың га жерді қоршап қойдық. Оған дейін арнайы мекеме қорықты қай жерден ашуға болатынын зерттеуге кірісті. Сөйтіп, Балқаш көлінің батыс жағынан 86 мың га, шығыс жағынан 365 мың га, жалпы аумағы 417 мың га жерді белгіледік. Енді резерватты ашуға әреккеттенгенде «жолбарыс әкеледі екен» дегенді естіген аудан халқы қарсы болып, Президент әкімшілігіне дейін хат жазған еді. Оның үстіне зоологтар да «Көшуге дайындалыңдар!» депті жұртты дүрліктірген.
Қазіргі кезде Балқаш ауданында 29 мың халық тұрады. 3 млн 700 мың га жері бар. Алматы облысы жерінің 35 пайызы Балқаш ауданына тиесілі. Содан кейін 2015 жылы қорықтан зейнетке шығып, осында келіп Бақанас, Қараойға барып түсіндіру жұмысын жүргіздік. «Темір қазып, көмір өндіріп жатқан жоқсыңдар. Бұл жердің табиғи байлығы жетеді. 400-ден астам табиғи биоәртүрліліктің түрі бар. Бұл жерден теміржол өтпейді. Нағыз қолайлы жер. Ертең шаруашылық қайта қалпына келіп, ел жұмысқа тұрады. Туристер келіп, тіршілік пайда болады» дедім. Олар да «Бізге сіз сияқты ешкім түсіндірмеді. Жолбарыс әкеледі, ертең жеп қояды. Көшіңдер!» деді. Біз неге кетеміз? Керісінше, ерекше қорғалатын аймақты ашқандарыңызға ризамыз» деді. Содан не керек, 2018 жылы резерват ашылды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бөлімшесі жұмыс істейді. Ал табиғи резерват мемлекеттік меншікке бағынышты мекеме ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Директорын сайладық. Қараойдан бір бөлімшесін аштық. Өтетін жолдарға бекініс қойылды.
– Ал амур жолбарысын елге әкелу жоспары қалай жүзеге асты?
– 2010 жылы жабайы жануарлардың дүниежүзілік қорының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімшесі жиналыс өткізіп, Ресейден Қазақстанға амур жолбарысын беру туралы келісімшартқа қол қойған. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастықтың арқасында екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Нидерландтағы «Святого льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан жеткізілді. Бұл – тұран жолбарысын қалпына келтірудің алғышарты. Бір әңгімеде тұран жолбарысы 1939 жылы атылған дейді, енді бірі 1946 жылы Балқаш көлінің маңынан ізі көрінгенін айтады. Оның анық-қанығын ешкім білмейді. Бірақ тұран жолбарысының соңғы тұяғы 1978 жылы немістің зообағында өліп, содан жойылған деген дерек те бар. Сонымен не керек, «Екі жолбарысты қайда апарамыз?» дегенде, Балқаш ауданының Іле жағасы таңдалды. Өйткені, басқа жерде халық көп, өндіріс орындары жұмыс істейді.
– Білуімізше, бұл екі жолбарыстың жерсініп кетуіне бір жылдай уақыт кетеді екен. Оның тамағы, күтімі де мамандардың қадағалауын қажет ететін шығар.
– Резерватқа жеткізілген Богдана мен Кума атты Амур жолбарыстары арнайы зообақта, қолға үйренген. Оны Дүниежүзілік жабайы табиғат қорындағы зообағы бар меценат сыйға берген. Еркегі – 13 жаста, ұрғашысы – 9 жаста. Жолбарыс тұратын жер жасау үшін 10 га жер қоршалып, бес бөлікке бөлінді. Мамандар арнайы монитор арқылы қадағалап, көзден таса қылмайды.
Күніне жейтін 4 келі етті Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры әкеп береді. Алдағы уақытта тағы 4 жолбарыс әкелу жоспарда бар. Өзіміз алдыңғы жылы 60 құлан апардық. Биыл қазан айының соңына дейін 35 құлан жеткізіледі. Одан бөлек тоғай бұғысы 260-қа жетті. Жабайы шошқа қой сияқты жайылып жүр.
Демек, Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ. Сондықтан амур жолбарысы мекен еткен табиғаты, климат белдеуі бізге сәйкес келеді. Басты мақсат – Орталық Азияда жойылып бара жатқан жыртқыш-тұран жолбарысын қалпына келтіру. Кейін олардың шөнжігін табиғатқа жіберіп, көбейте аламыз.
– «Іле-Балқаш» резерваты аймақтың экотуризмін дамытуға таптырмас мүмкіндік пе?
– Жалпы, биоэкономикалық негіздеме деген болады. Соны жасағанда резерватқа 2 млрд 242 млн қаржы құйылып, Қараойдан әкімшілік ғимарат, бизнес орталық, демалыс орны ашылуы тиіс. Одан бөлек ауыр техника мен көліктік базасы қалыптасады. Сондай-ақ, 169 адам жұмыспен қамтылады деген есеп болған. Қазір мұнда 64 адам жұмыс істейді. Жаз маусымында 100-ге жуықтайды.
Өзім БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) аясында жұмыс істеймін. Қазір БҰҰДБ қамқорлық жасап резерватқа қажетті техниканы, дүрбі, квадрацикл көлігін алып берді. Бұл үкіметтен тыс беріліп жатқан көмек. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) экотуризмді дамыту үшін ауыл адамдарына шағын несие берді. Қазір БҰҰДБ тарапынан 130 метр тереңдіктегі су ұңғымасын қазылды. Бітеліп қалған Қара Бақанас өзегін тазалау бойынша құжат экспертизада жатыр. Сметасы дайын. Егер жасалса, Іленің Қара Бақанас тармағы ашылып, үлкен оазис пайда болады.
Екінші, Балқаш ауданында туризмді дамыту. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, алдағы уақытта кэмпинг, тікұшақ, ұшақ қонатын жолақ салынады, су шығатын ұңғыма қазылады. Қараойда әкімшілік ғимарат салынса, Бақанаспен ортадағы жол жөнделеді. Оған 1 млрд 150 млн теңге бөлінеді делінді. Одан бөлек мамандарды даярлап, интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде болады.
– Әңгімеңізге рақмет!