Бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның қазасына қатысты бұқаралық ақпарат құралдары жаңа мәліметтерді жариялады. Ол 2024 жылғы маусым айында Германияда жоғалып кеткен, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Live-қа сілтеме жасап.
Мәліметтерге сәйкес, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 4 маусымында хабар-ошарсыз кеткен. Бір аптадан астам уақыт өткен соң оның мәйіті чемодан ішінде көл маңынан табылған. Сараптама марқұмның жеке басын растаған және оның жүкті болғанын көрсеткен.
Сайлыбаевалар отбасының адвокаты BAZA басылымына берген түсініктемесінде туыстары ұстанатын нұсқаны баяндады. Оның айтуынша, оқиға күні Айгүл мен оның жұбайы Александр Донцов арасында жанжал болған.
Адвокаттың мәліметінше, жанжалдың себебі Айгүлдің қыздарына Ресей азаматтығын жасырын рәсімдеу әрекеті туралы білуі болуы мүмкін. Қақтығыс кезінде әйел құлап, есінен танып қалған.
Юристтің айтуынша, кейін күдіктілер қылмысты соңына дейін жеткізу туралы шешім қабылдаған. Айгүл қарсылық көрсеткенімен, ауыр затпен соққы алып қаза тапқан. Бұл оқиғалар баланың көз алдында болғаны да айтылып отыр.
Сондай-ақ, аутопсия материалдарына сәйкес, мәйітті бөлшектеуге әрекет жасалып, қалдықтар шамамен бір жарым апта бойы мұздатқышта сақталған.
БАҚ деректеріне сүйенсек, тергеу барысында марқұмның енесіне назар аударылған. Ол Айгүл жоғалған түні Германиядан ұшып кеткен. Әуежайдағы бейнебақылау камералары оның қолының жараланғанын тіркеген.
Алайда, отбасы адвокатының айтуынша, Айгүлдің жұбайы кейін күдіктілер қатарынан шығарылған. БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Александр Донцов пен оның анасы Мәскеуде тұрады. Ресми органдар бұл ақпаратқа қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.









