Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс: сотта марқұмның анасы жауап берді

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық істің қаралуы жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста марқұмның анасы  Салтанат Жұманова жауап берді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform- ға сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, Айзат күйеуі Айбардың ашушаң әрі агрессивті мінезіне жиі шағымданған.
«Одан көп адам қорқатын, қарсы келмейтін», — деді ол.

Салтанат Жұманованың айтуынша, ерлі-зайыптылардың телефондары синхрондалған. Айзаттың телефоны ауладағы әжетханаға түсіп кеткеннен кейін ол біраз уақыт байланыс құралын пайдалана алмаған. Кейін басқа телефон алған.
«Қызғанышқа себеп болған жоқ, ол жерде тіпті байланыс ұстамайды», — деді ол.

Оның сөзінше, Айзат пен Айбар үйленбей тұрып бес жыл дос болып, кейін үш жыл отбасы ретінде бірге тұрған. Бірақ Айбардың Айзатқа қол көтеруі некеге дейін-ақ басталған.

Сондай-ақ ол қызының түнгі сағат 3 шамасында көз жұмғанын, бірақ бұл туралы туыстарына тек 08:45-те хабарланғанын айтты.
«Табалдырықта Айбардың анасы “Айзат ұшып кетті” деді», — деді ол.

Марқұмның анасы Айзаттың сабырлы, тұйық мінезді болғанын, үлкенге құрмет көрсетіп, күйеуінің ата-анасына салем салып жүргенін атап өтті.

Салтанат Жұманованың айтуынша, қызының денесі толықтай көгерген және жарақат іздерімен жабылған. Сондай-ақ ол Айзаттың ауруханаға жеткізілген сәттегі видеодағы сырт келбеті мен дене жағдайының сәйкес келмегенін айтты:
«Шашы су, арасында шөп пен кір болды, ал киімі таза. Киімі денесінің жағдайына сәйкес болмады», — деді ол.

Сот процесі жалғасады.