Рубрика: Билік

  • ПРЕЗИДЕНТ: АЭС-ке қатысты референдум 6 қазанда өтеді

    ПРЕЗИДЕНТ: АЭС-ке қатысты референдум 6 қазанда өтеді

    «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президентеліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет екенін жеткізді.

    «Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
    Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын»,- деді Мемлекет Басшысы.

    Президент атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін айтты.

    «Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», — деді Президент.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев: субсидия алуда көзбояушылықпен айналысатындарды   жауапкершілікке тарту керек

    Қасым-Жомарт Тоқаев: субсидия алуда көзбояушылықпен айналысатындарды жауапкершілікке тарту керек

    Қасым-Жомарт Тоқаев субсидия алуда көзбояушылықпен айналысатындарды   жауапкершілікке тарту керектігін қатаң ескертті.

    «Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр»,- деді Мемлекет Басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаев көзбояушылықпен айналысатындардың нақты дәлелдерін де келтірді.

    «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», -деп талап қойды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.  

    Мемлекет басышысы, жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепіл болатынын жеткізді.

    «Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Президент: Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет

    Президент: Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Қазақстанға Банктер туралы жаңа заң қажеттігін айтты.

    «Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет деді.  

    «Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосатынын жеткізді.

    «Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды», — екеніне тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатырқанын сынға алды.

    «Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр.  Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Айта кетейік, дәл қазір Президенттің халыққа жолдауы өтіп жатыр.  Жолдау телеарна эфирлерінде тікелей көрсетілуде.

  • Президент спорт министрін лауазымынан босатты

    Президент спорт министрін лауазымынан босатты

    «Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымынан босатылды»,- делінген Ақорданың телеграмдағы ресми хабарламасында.

    Естеріңізге сала кетейік,  бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі спорт саласын сынға алғанын хабарлаған болатынбыз.

    «Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!» – деп Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған болатын. 

  • Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді

    Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді

    Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтті.

    Жиында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Бас прокурор Берік Асылов қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудің өзекті мәселелері жөнінде баяндады.

    Отырыс барысында құқық қорғау және арнайы органдар қызметінің терроризмге қарсы күресті күшейту бойынша түрлі аспектілері қарастырылды.

    Мемлекет басшысы ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын арттыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын сынға алды

    Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын сынға алды

    Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын сынға алды

    Президент спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездесетінін айтты.

    Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскен, бірақ соған лайық нәтиже жоқ.



    «Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент бүгінде әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды. Үкіметке жағдайды бақылауға алып, спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.

    Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мән-маңызына тоқталды.

    «Олимпиада кезінде түбі бір түркі жұрты өзара тілектестік пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсетті. Спортшылар да, жанкүйерлер де көрші елдердің әрбір жеңісіне шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмектерін де аяған жоқ. Тіпті, балуандарымыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқты бірге көтерілді. Көшпенділер ойындары бауырлас елдердің осындай мызғымас бірлігін бекемдей түспек. Сондықтан оны жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек», – деді Президент.

  • Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Ал, егін науқаны аяқталғанша 355 мың тонна жеткізіледі. Егер бұл отын көлемі де жетпесе қосымша тағы бөлінеді. Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға осы мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Үкіметте күзгі жиын-терін бойынша кеңес өтті. Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау науқандарына рекордтық көрсеткіш көлемде қаражат бөлінді. 580 млрд теңге. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу 5 есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан шаруаларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Үкімет Басшысы жағдайды бақылауда ұстау үшін жедел штаб құруды тапсырды. Енді вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығмен тиісті министрліктер, әкімдер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін штаб құралады.

    «Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

     

  • ️Назарбаев мектептеріне бөлінген қаржы Ұлытау облысының бюджетімен тең

    ️Назарбаев мектептеріне бөлінген қаржы Ұлытау облысының бюджетімен тең

    Назарбаев мектептеріне бөлінген қаржы Ұлытау облысының бюджетімен тең

    Жоғары аудиторлық палата Назарбаев зияткерлік мектептеріне 2019-2023 жылдары бөлінген бюджет қаражатын тексерді. Төрт жылға 250 млрд теңге бөлінген, оның 16,4 млрд теңгесі игерілмеген.

    Банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы жинақталған. Аудиторлар 8 млрд теңгенің іс жүзінде жүргізілмеген іс-шараға жоспарланғанын анықтады.

    «Ұлытау облысының бүкіл бюджетін құрайтын қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі аясында да қамтылмаған», — деді Әлихан Смайылов.

    Жалпы мемлекеттік аудит 274,4 млн теңге қаржыны игеруде заңбұзушылық болғанын анықтады.

  • ЖИ өнімі 5 жылда 5 есе өсуі тиіс – Олжас Бектенов 

    ЖИ өнімі 5 жылда 5 есе өсуі тиіс – Олжас Бектенов 

    Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жасанды интеллектті қолдану аясына тоқталды, деп хабарлайды Sona.kz. 

    Үкімет басшысының сөзінше, 2029 жылға қарай жасанды интеллектті қолданып жасалған өнімдер 5 есе өсуі керек. Білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект пәндердің үлесі артуы керек.

    «ЖИ жүйелерін қолдану 2030 жылға қарай жаһандық жалпы ішкі өнімді 14%-ға арттырып, 70%-ға дейін қосымша экономикалық тиімділік беруі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, биыл компаниялардың жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерге жұмсайтын шығыны өткен жылмен салыстырғанда екі есе ұлғаяды», — деді О.Бектенов.

    Оның айтуынша, ЖИ құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бизнес пен өндірісте үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және талдауға немесе клиенттерге қызмет көрсетуге байланысты міндеттерді орындауға болады. Сондай-ақ ЖИ денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады.

    «Сондықтан Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласын дамыту және оны қолданатын жобаларды кеңінен тарату жөніндегі стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырды. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Онда мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар. Тиісті инфрақұрылымды құру, деректерді өңдеудің ең соңғы үлгідегі орталықтарын салу, суперкомпьютерді іске қосу және Ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуі шараларын жандандыру қажет», — деді Премьер-Министр.

    Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын таныстырған еді.

    «Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді. Жалпы, тұжырымдама жобасын қолдаймыз. Тиісті қаулыға дауыс беруді ұсынамын», — деді Олжас Бектенов.

  • Қазақстан мен Сингапур арасындағы инвестициялар туралы келісім ратификацияланды

    Қазақстан мен Сингапур арасындағы инвестициялар туралы келісім ратификацияланды

    Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

    Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.