Газ баллон жарылуы салдарынан Оралда өрт шықты

Оралда, Циолковский көшесінде көпқабатты үйдің бір пәтерінде өрт шықты. Көршілердің хабарлауынша, өрт сөндіруші пәтердің балконына кірмек болып жатқанда газ баллоны жарылған, деп хабарлайды Sona.kz Уральская неделяға сілтеме жасап.

Оқиға орнында жедел-құтқару қызметтері жұмыс істеуде.

Оқиғаға қатысты ресми хабарлама Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен түсті. Ведомствоның мәліметінше, өрт бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерде шыққан. Өртті сөндіру кезінде газ-ауаның қоспасы жарылып, терезе жақтауы мен балкон бөлмесінің бөліктері зақымданған.

Үй тұрғындарын уақытында эвакуациялау арқасында ауыр зардаптар болмады. Жарылыс пен өрттен тұрғындар мен жедел-құтқару қызметкерлері зардап шеккен жоқ. Өрт толықтай 10 шаршы метр аумақта сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда.