Алматыда ана баласының өліміне дәрігерлерді айыптады. Желіде тараған бейнежазбада әйел жылап тұрып, дәрігерлер уақытында көмек көрсетпегенін айтады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, 1-5 қазан аралығында бала іші ауырып, зәр шығара алмай, тамақ ішпей, қатты қиналған. 6 қазанда жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілген. Бірақ дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.
Бейнежазбада дәрігер: «Көрсеткіш болған жоқ», – дейді. Анасы көз жасын тыя алмай: «Қалай жоқ?! Ол тұтас мұздай болған!» – деп жауап береді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, баланың өліміне ішек бұралуы (заворот кишок) себеп болған. Бұл дерт дер кезінде және дұрыс ем қолданылған жағдайда жазылатын ауру.
Бала туыстары оқиғаны дәрігерлердің салғырттығынан болды деп санайды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға байланысты объективті тексеру жүргізу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне хат жолдағанын хабарлады.
«Тексеру және сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша түпкілікті қорытынды ұсынылады», – делінген басқарма мәлімдемесінде.









