1 қазаннан бастап пойыз билеттері 20 пайызға қымбаттайды. Көлік министрлігінің мәліметінше, елімізде 140 бағыт бойынша қатынайтын пойыздар бар. Келесі айда соның 62-сінің тарифі өседі. Мәселен, стандарт вагондардың құны 6300 теңгеден 7500 теңгеге көтеріледі. Ал тальго пойызына жолаушы билеттері 10 мың теңгеден 12 мың теңгеге қымбаттайды.
«Билет құнын арттыру вагондар паркін жаңарту, көрсетілетін қызметтер сервисін жақсарту және қызметкерлердің жалақысын арттыру үшін қажет. Соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бағыттар бойынша билет құны қымбаттамағанын (инфляция деңгейіне индекстеуді қоспағанда) ескеру маңызды»,- делінген ведомствоның хабарламасында.
Үкімет тарифті өсіру арқылы теміржол паркін жаңартуды көздеп отыр. Себебі, 2 600-ден астам вагонның 44 пайызы әбден тозған.