Целиноград ауданының Ынтымақ ауылында 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты күдікті полицейлермен бір тәулікке жетпей ұсталды.
Sona.kz Ақмола облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 13 қараша күні болған. Полицияның мәліметінше, жасөспірім қыз пышақ жарақаты салдарынан көз жұмды. Қылмыс орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, аудан көлемінде кеңейтілген іздестіру іс-шаралары басталған.
Жедел ақпарат жинау және іздеу жұмыстары нәтижесінде күдікті Родина ауылының маңындағы егіс алқабында анықталды. Ол оқиға бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын, болған жағдайдың барлық мән-жайы толық тексерілетінін мәлімдеді. Тергеу облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында.
Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық әрекетінің заң аясында ең қатаң шаралармен тоқтатылатынын атап өтті.









