Алматы облысы прокуратурасының қызметкерлері Аида Иманалиева мен Әлия Сәрсекеева нағыз кәсібилік танытып, 19 жыл бұрын болған кісі өлімінің бетін ашты. Олардың мұрағаттағы «шаң басқан» істерді жіті тексеруінің арқасында әділдік орнады.
Оқиға 2006 жылдың күзінде Алматыда болған. Ескі «Мазда» мінген үш ер адам Розыбакиев көшесінен Айнабұлаққа дейін 400 теңгеге жеткізіп салуды өтінген Қырғызстан азаматшасын көлікке мінгізген. Жолда жүргізуші көлігі бұзылғандай кейіп танытып, сыртқа шыққанда, оның сыбайластары әйелді буындырып өлтірген. Мәйітті Қапшағай тас жолының бойына тастап, марқұмның алтын бұйымдарын, Sony Ericsson телефонын, тіпті пакеттегі қарбызы мен алмасын иемденіп кеткен. Қылмыскерлердің сол кездегі барлық олжасы 77 мың теңгені ғана құрады.
Сол жылы екі күдікті ұсталып, ұзақ мерзімге сотталған, бірақ үшінші сыбайласы жазадан құтылып кеткен еді. 2025 жылы прокуратура ханымдары ашылмаған істерді қайта қарап, үшінші адамға қатысты іздеу жұмыстарының неліктен тоқтап қалғанына назар аударған.
Қажырлы еңбектің нәтижесінде Асет Күрнеев есімді азаматтың сол түні көлікте болғаны анықталды. Ол 2006 жылы жауап алуға шақырылса да, судан құрғақ шығып кеткен екен. 19 жылдан кейін Күрнеев сот алдына келді. Кінәсін мойындамаса да, жиналған дәлелдер оның қылмысқа қатысын толық растады. Сот үкімімен ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды.








