Мысалы, Шеңгелді ауылындағы №2 сорғы станциясында Бейсенғазы Шакеров 2000 жылдан бері еңбек етеді.
Алғашында машинист-оператор болып жұмыс істеген ол кейіннен гидротехникке дейін лауазымы өскен. Қазірде Бейсенғазы басқарушы компания директорының орынбасары жұмысын қатар алып жүрген азамат.
«Қазақстанның шығысында туып-өстім. Бұл жерге 2000 жылдары келдім. Әу баста машинист-оператор болдым. Содан соң Гүлзара есімді гидротехник апайымыздың қасында жүріп, жұмыстың қыр-сырын үйрендім. Оған 10 жыл уақытымды арнадым. Ол кісі зейнетке шыққанда орнына мен қалдым», — дейді маман.
Айтуынша, бұл сорғы станциясы 2500 гектар алқапты сумен қамтиды. Ал шаруаларға суды теңдей бөліп, қадағалау гидротехниктердің мойнында. Бұдан басқа, мұнда слесарь, жүргізуші, монтер секілді бірнеше маман еңбек етіп жүр. Қиындықтар да жоқ емес.
«Ең қиыны – жел соққанда құбырлардың құмға толып қалуы. Оны тазалауға көп уақыт жоғалтып жатамыз. Екіншіден, электр энергиясының бағасы жыл сайын қымбаттауда. Шынын айтқанда, халықтың қалтасы көтермей жатыр», — деді Бейсенғазы.
Сонымен қатар ол гидротехниктер халықпен етене араласып, тыныс-тіршілігінен хабардар болуы қажет екенін атап өтті. Сөзінше, жүйелі жұмыссыз өнім өнбейді, компания да, шаруалар да шығынға батады.
«Жастарға айтарымыз бар. Олар бірден кеңседе бастық болғысы келеді. Алайда, өздері бәсекеге қабілетсіз. Ал қабілетті болу үшін жылдар бойы тер төгу қажет», — деді ол.
Бейсенғазы Шакеровтың еңбек жолы – адалдықпен, табандылықпен және кәсіби жауапкершілікпен өрілген үлгілі қызметтің көрінісі.
ҚР Президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бастама – Бейсенғазы сынды қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы маңызды рөлін мойындау әрі олардың абыройлы еңбегін ардақтау. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығын дамытуда техникалық мамандардың орны ерекше.











