Sona.kz редакциясы Қазақстандағы әкімдіктердің кадрлық құрамына ерекше зерттеу жасады. Нәтижесінде мемқызметкерлердің ішінде «Алтын белгі» иегерлері аз екені анықталды. Жоғары академиялық жетістік, мектепте озат болу секілді артықшылықтар мемлекеттік құрылымдарда сирек кездесетін болған.
Маңызды қалалар
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Алматы мен Астана қалаларында мемлекеттік қызметкердің жеке ісін жасау үшін үздік орта білім туралы аттестат маңызды емес. Дегенмен, әрбір әкімдікте Президенттің жастар кадрлық резервінің төрт өкілі жұмыс істейтіні кадрлық іріктеу стандарттарының жоғары деңгейде екенін айшықтады.
Оңтүстік
Шымкенттегі әкімдікте үш «Алтын белгі» иегері қызмет етеді. Сондай-ақ мұнда Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі Мұхит Кемелов цифрландыру басқармасының басшысы лауазымында отыр. Бұл – маңызды салаларда жоғары білікті мамандар болуының қажеттілігін көрсетті.
Батыс
Ал елдің батысында үздіктер жоқтың қасы. Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында «Алтын белгі» иегерлері табылмады. Алайда, Ақтөбе облысы әкімдігінде алты резервист жұмыс істейді, олар жоғары лауазымдарда, мысалы, әкімнің орынбасары және басқарма басшысы сияқты қызметтерде отыр. Атырау облысы әкімдігінде үздік оқушы болған бес маман қызмет атқаруда, сондай-ақ бұл жерде Президенттің жастар кадрлық резервінің бір өкілі бар.
Солтүстік
Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында «Алтын белгі» иегерлері мен Президенттің кадрлық резервінің өкілдері жоқ. Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарында да үздік түлектер жоқ. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысында екі резервист жұмыс істейді, Абай облысында – «Болашақ» бағдарламасының төрт түлегі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тоғыз түлегі, Қарағанды облысында бір резервист жұмыс атқарады.
Шығыс және басқа өңірлер
Жамбыл облысы бір резервист пен бір «Алтын белгі» иегерінің болуымен ерекшеленді. Қостанай облысы үздіктер саны бойынша алда келеді, мұнда сегіз қызметкер «Алтын белгі» иегері және үш резервист бар. Жетісу облысында алты қызметкер мен бір Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі қызмет атқарады.
Алматы облысы әкімдігінде үздік бес түлек пен бір Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі жұмыс істейді. Ақмола облысында бір «Алтын белгі» иегері мен бір резервист бар. Павлодар облысында бір озат оқушы болған маман мен төрт резервист түрлі лауазымдарда отыр. Ұлытау облысында бір, Түркістан облысында «Алтын белгінің» төрт иегері – мемлекеттік қызметкер.
Айта кетерлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің бұйрығына сәйкес, орта білім туралы аттестат мемлекеттік қызмет үшін міндетті емес. Бірақ, біздің зерттеу жоғары білім мен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мемлекеттік органдарда білікті маман қалыптастырудың маңызды тетігі екенін айқын дәлелдеп берді.