Әлеуметтік желілерде ер адамның қызды ұрып, кейін жерге сүйреген сәті түсірілген бейнежазба тарады, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.
Оқиға 31 тамызға қараған түні Ақтаудың 20-шағынауданы аумағындағы «Кербез» тұрғын үй кешенінің маңында болған. Кадрда ер адамның қызға қол көтеріп, кейін оны жерге сүйрегені байқалады. Көп ұзамай оқиға орнына патрульдік полиция көлігі келіп тоқтаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл жағдайды растады. «Полиция келген соң қыз арыз жазудан бас тартты. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері мұндай оқиғаларда зардап шеккен тараптың шағымданбауы құқық қорғау органдарының әрекетін шектейтінін атап өтуде.









