Қазақстанда табысы ортадан жоғары азаматтар бірқатар әлеуметтік төлемдерден қағылуы ықтимал. Бұл туралы Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік 2025 жылдан бастап мұқтаждықты скоринг арқылы бағалайтын жүйені енгізуді жоспарлап отыр. Енді әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы табысы, мүлкі, көлігі, несиесі мен денсаулығы сияқты бірнеше критерий бойынша автоматты түрде сарапталады. Бұл мәліметтер «Отбасының цифрлық картасы» арқылы есептеледі.
Жан басына шаққандағы табысы 173 628 теңгеден жоғары азаматтар жоғары әл-ауқат деңгейіндегі (5 және 6-санат) топқа жатқызылады. Олар жергілікті бюджет есебінен берілетін көмектерден (тегін тамақ, жолдама, жатақхана, тұрғын үй субсидиясы) шеттетілуі мүмкін.
Алайда республикалық бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілетін зейнетақылар, бала күтімі мен тууына байланысты жәрдемақылар, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер бұрынғыша сақталады.
Шымкент пен Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылған. Алдын ала талдауға сәйкес, қатысушылардың 2,6%-ы (шамамен 4,2 мың адам) жоғары әл-ауқатты санатқа енген. Оның ішінде 3,1 мыңы – Қарағанды облысында, 1,1 мыңы – Шымкентте.
Мүгедек немесе ауыр науқас жандарды күтіп отырған отбасыларда жүктеме коэффициенті есепке алынады. Егер азамат бағалау нәтижесімен келіспесе, уәкілетті органға немесе бақылау мекемелеріне шағымдана алады.









