Алматы облысының Кенена Әзірбаев ауылында болған ірі өрт салдарынан әйел адам мен оның баласы қаза тапты. Тілсіз жау үш тұрғын үй мен қосалқы ғимараттарды шарпыды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық ТЖД-ға сілтеме жасап.
Құтқарушылардың мәліметінше, өрт туралы хабар кешігіп түскен, сондықтан жалын тез тараған. Өрттің жалпы аумағы 448 шаршы метрді құрады.
Құтқару жұмыстары кезінде екі адамның мәйіті табылды. Тағы бір тұрғын күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
«Өртті сөндіру жұмыстары ауа температурасының жоғары болуына, қатты түтінге және ғимараттардың ерекшелігіне байланысты қиындады. Қосымша қиындық туғызғаны – үйлердің тығыз салынуы мен өткелдердің тарлығы: арақашықтық небәрі 1,5–2 метрді құрады», – делінген ТЖД хабарламасында.









