Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу барысында жобаның арнайы интернет-ресурс және мессенджерлер арқылы жұмыс істегені анықталды. Азаматтарға жарнамалық материалдарды көргені үшін күніне 5%-дан 10%-ға дейін табыс уәде етілген.
Пирамида қызметі аясында жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонустар беретін рефералды жүйе қолданылған. Қаражат жеке тұлғалардың (дроперлердің) шоттары арқылы қабылданып, кейіннен P2P-операциялары арқылы криптовалютаға айналдырылып отырған. Қызметке заңды сипат беру үшін кеңсе ашылып, жарнама науқаны жүргізілген. Құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде 78 салымшыға 110 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, оның мүлкіне (жер учаскесіне) сот шешімімен тыйым салынды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.









