Алматыда 17 жастағы мектеп оқушысы қайтыс болды. Алдын ала деректер бойынша, қыз бала өз-өзіне қол жұмсауға жеке мектептегі қысым мен буллинг себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, марқұмның есімі – Жанель. Ол 11-сыныпқа өтуі тиіс болған. 2 қыркүйекте салтанатты жиынға өз стилінде келген қыз мектеп әкімшілігінің сынына ұшырады. Келесі күні оқудан шығарылып, 3 қыркүйекте көпқабатты үйдің төбесінен секіріп кеткен.
TikTok пен Instagram-дағы жазбаларда жанжалға мұғалімдер мен кейбір ата-аналардың қатысы болуы мүмкін екені айтылады. Қыздың сырт келбетіне байланысты сөзбен қорлау, тіпті күш қолдану фактілері айтылуда.
Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әділдік талап еткен акция басталды. Қолданушылар мектеп туралы теріс пікірлер қалдыруда.
Алматы қалалық полиция департаменті оқушының қазасын растады. Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қайғылы жағдайдың себептері анықталып жатыр.









